Профессор Ильбер Ортайлының 2018 ж. 26 сәуір айында Түркі әлемі және түркология мәселелері атты дәрісі өткізілді Сәуір 30, 2018 Профессор Ильбер Ортайлы 2018 жылдың сәуір айының 26 күні сағат 15:00 Назарбаев Университетінің Жасыл залында «Түркі әлемі және түркологияның мәселелері» тақырыбында өзінің дәрісін өткізді. Іс-шараны ұйымдастырған Юнус Эмре түрік мәдени орталығы (Астана) мен Назарбаев университетінің Гуманитарлық және әлеуметтік зерттеулер мектебінің Қазақ тілі және Түркология кафедрасы. Профессор Ортайлы Юнус Эмре орталығының ұйымдастыруменен Қазақстан қалаларында дәрістер топтамасын өткізеді. Іс-шараны жүргізіп, профессор мен қонақтарды таныстырған Алмагүл Исина (Юнус Эмре орталығы). Кеш қонақтары Қазақстандағы Түркия елшісі Невзат Уянық, Декан Дэнияль Пью (ҒӘЗМ) және Юлай Шамилоғлы (Қазақ тілі және Түркология кафедрасы). Баяндама тілі түрікше болды. Ағылшын тіліне аударған Халид Акарча (Қазақ тілі және Түркология кафедрасы) және қазақ тіліне аударған Алмагүл Исина болды. Ильбер Ортайлы 1947 жылы Австрияның Брегенз қаласында дүниеге келген. Әке-шешесі Сталиндік режим заманында КСРО-дан қашып барған босқындар. Тегі қырым татарларынан шыққан профессор Ильбер Ортайлы әкесімен неміс, шешесімен орыс тілінде сөйлесіп екі тілдік ортада өседі. Ол екі жаста болғанда әке-шешесі Түркияға көшеді. Профессор Ильбер Ортайлы Вена университетінде Славян тілдері және Шығыстану бойынша білім алған. Кейін Чикаго университетінде Халил Иналжиктің жетекшілігімен магистрлік диссертациясын сәтті қорғап, Анкара университетінің докторантурасын тәмамдайды. Профессор Ортайлы Түркияның Анкара, Билкент, Галатасарай және Еуропа мен Ресейдің көптеген университеттерінде дәріс оқыған. 2005-2012 жылдар аралығындағы Стамбулдағы Топкапы музейінің директоры болған. Профессор Ортайлы бүгіндері Туркияның ең беделді тарихшыларының бірі. Осман империясының мемлекеттік басқарау тарихына қатысты еңбектерінен бөлік, ғалым Германияның Осман империясына ықпалы туралы жазған еңбектерімен танымал. Осман империясы мен Түркия елінің әлеуметтік, мәдени және саяси тарихының түрлі қырлары бойынша жасаған зерттеулерінің тереңдегіне қатысты таластар болмауымен Ильбер Ортайлы Түркияның қоғамдық интеллектуалы және өз заманының нағыз феномені ретінде танымал. Өзінің баяндамасында түркі тілдері арасындағы ұқсастықтарды, өткен тарихты түсіну үшін ежелгі заман тарихы мен филологиясын зерттеудің маңыздылығына баса назар аудара отырып, бүгінде болып жатқан жағдайларды түсіну үшін ХІХ ғасырда орын алған оқиғаларды жақсы түсіну қажеттілігін ескертті. Қазіргі замандағы түркі тілдерін соның ішінде қазақ тілін терең меңгеру үшін әдебиеттің маңыздылығына тоқталып өтті. Түркі әлемінің интеграциясы үшін кино, театр сияқты мәдени туындылардың алатын орны туралы да сөз қозғады. Сондай-ақ, профессор Ортайлы Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру және болашақтағы түркі әлемінің бірігуі турасындағы өз ойларымен бөлісті. Бүгінде түркі әлеміне қандай да бір мәдени не болмаса саяси одақтарға бірігуден бұрын, түркі халықтарының өзара бір-бірлеріне қолдау көрсетулерінің маңызды екендігін атап өтті. Профессор Ортайлы парсы, азербайжан тілдеріндегі шығармалардан, тіпті латын тіліндегі Тациттің шығармаларынан үзінділер келтіру арқылы Еуразия ұлттық университетінен, Халықаралық түрік академиясынан және т.б. оқу орындарынан келген қонақтарды өзінің ой-өрісінің кеңдігімен, шешендігімен тәнті етті.