«Қазақ тілі мен түркітанудың өзекті мәселелері: ХХІ ғасырдағы рухани жаңғыру» конференциясы Қараша 5, 2017 2017 жылдың 26-28 қазан айының аралығында «Қазақ тілі мен түркітанудың өзекті мәселелері: ХХІ ғасырдағы рухани жаңғыру» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты қазақ тілі мен түркітану мәселелерінің ғылыми-теориялық, педагогикалық негіздерін нығайту, тілдік білім берудің әлемдік үздік тәжірибелерін жинақтау, қазақ тілі оқытушыларының халықаралық қауымдастығының (ҚазТОХҚ) Жарғысын бекіту болды. Шараның міндеттері ұлттық сананың рухани жаңғыруының өзегі ретінде қазақ тілінің даму бағыттары; академиялық және кәсіби негізде оқыту мазмұнын айқындау; озық инновациялық технологияларды қолдану және түркітанудың өзекті мәселелерін талқылау секілді мәселелерді қамтыды. Конференция жұмысына шет елдік танымал ғалымдар, профессор Мария Иванич, Сегед университеті (Сегед қ., Венгрия), профессор Юлиан Рентч, Йоханнес Гутенберг университеті (Майнц, Германия), профессор Хенрик Янковский, Адам Мицкевич университеті (Познань, Польша) және және отандық белгілі ғалымдар мен қазақстандық жоғары оқу орындарының PhD докторанттары мен магистранттары қатысты. Конференция мына бағыттарда жұмыс істеді: Қазақ тілі және ұлттық сананың рухани жаңғыруы. Қазақ тілін оқыту және бағалау жүйесі: бәсекелестікке қабілетті жаңа сапалы деңгей. Қазақ жазуы және латын әліпбиі. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – кәсіби тілді жетілдіру алғышарты. ХХІ ғасырдағы қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері. Лингвоархеология және дүниенің тарихи тілдік бейнесі. Мәдениеттер тоғысындағы аударматану мәселелері және ұлттық терминология. ХХІ ғасырдағы түркітанудың өзекті мәселелері. Түркітану және антропология. Тіл мен әдебиет байланысы – рухани дәстүрлер құндылығы. Тарих тағылымы – эволюциялық даму кеңістігі. Конференцияның жұмыс тілдері: қазақ, түрік, орыс және ағылшын.