KazLT жаңалықтар

Шырақ ұйымы туралы сұхбат

Сұхбат беруші: Сәуле Мұсабекова

Сұхбат алушы: Индира Махажан

 

 – «Шырақ» қазақ тілі ұйымын ашуға не түрткі болды?

– Ең басты себеп студенттеріміздің қызығушылығы мен қажеттілігі деп айтар едім. Шынын айтқанда, кейбір студенттерге университетімізде қазақтілді орта керек. Бұдан бөлек эссе немесе мақала жазуда, өз бетінше тілді жетілдіруде кеңес сұрап келетін студенттер көп. Әрине, олардың барлығын бірдей қамту мүмкін емес. Сондықтан осындай бір ұйымның тұрақты жұмыс істеуіне деген қажеттілік өзінен-өзі сұранып тұрды.

 – Сонымен бұл топтың тұрақты мүшелері бар ма? Жұмыс тобын құруға қанша уақыт кетті?

– Біздің біраз қорқақтаған тұсымыз да осы болатын. Бұл мәселені мектеп деканы, профессор Дэниел Пью бірден қолдағанымен, жобаны бірден бастап кете алмадық. Оның өте жауапкершілікті іс екені белгілі. Әрине, белсенді студенттерді табу оңай, дегенмен біз осы жобаны жандандырып кететін жалынды жастарды тартқымыз келді. Осы бастаманы жоғары деңгейге жеткізе алатын студенттердің кездескені «Шырақтың» бағының жанғаны болды. Бір қуанарлығы, Студенттер ісі жөніндегі департамент те, студенттік үкімет Президенті Дәурен Лесхан да осы бастамаға керемет қолдау көрсетті.

 – “Шырақ” ұйымының университеттегі басқа ұйымдардан ерекшелігі неде?

– Біздің негізгі мақсат барлық деңгейдегі профессорлар мен студенттерді қамтып, олардың қазақ тілін жетілдіруге көмектесу. Яғни, достық атмосферада коммуникативті әдіске негізделген сабақтар өткізу және рухани құндылықтарымыз арқылы тіл үйрету.

 – Қазіргі таңда ұйым немен айналысуда?

– Тұрақты жүргізілетін сабақтардан басқа сөйлеу клубтары жұмыс істейді; дебаттар, түрлі конкурстар, кітап оқу апталығы, караоке кеші ұйымдастырылып отырады; ұлттық мұражай мен қазақ театрына баруды ұйымдастырамыз; сондай-ақ «Тіл сақшысы» қоғамдық орындардағы сауатсыздықпен күреседі.

 – Алдағы уақыттағы жоспарларыңыз қандай?

– Бұл идея енді жауапкершілігі мол, белсенді, отансүйгіш жастардың қолында. Олар қоғамға не керек екендігін және қалай жеткізу қажеттігін біледі. Ұйымға толассыз келіп жатқан хаттар мен ұсыныстар, мемлекеттік тіліміздің жандануына үлес қосқысы келетін азаматтардың көптігі “Шырақ” ұйымына қосымша серпін береді деген сенімдеміз.

 – Сұхбатыңызға рақмет. «Шырақ» ұйымының жұмысына сәттілік тілейміз!

– Рақмет.