Жаңалықтар

«Жас Ғалым – V» ауқымды конференцияның қорытындысы

SSH News (11)

Студенттік конференция Алаштың ұлттық мінберіне айналған «Қазақ» газетінің 110 жылдық мерейтойына арналды.

2023 жылдың 7-8 сәуір күндері Назарбаев Университетінің Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінде «Жас Ғалым – V»  атты студенттердің дәстүрлі республикалық ғылыми конференциясы жоғары деңгейде өтті. Конференция ұйымдастырушылары – Қазақ тілі және түркітану кафедрасы, Тарих, философия және дінтану кафедрасы, Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық қоғамдық бірлестігі.

«Жас ғалым – V» конференция жұмысына еліміздің 18 университеттерінен 70-ке жуық студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты. Қатысушы университеттер қатарында – әл Фараби ат. ҚазақҰУ; Абай ат. ҚазақҰПУ, Сатбаев ат. Қазақ Техникалық университеті, Құрманғазы ат. Қазақ Ұлттық Консерватория, Букетов ат. Қарағанды Унивеситеті, Алихан Бөкейхан ат. Семей университеті, Дулати ат. Тараз университеті, Қожа Ахмет Йассуи ат. Халықаралық Қазақ-түрік университеті, Гумилев ат. Еуразия ҰУ, Нарикбаев ат. Қазақ Заң университеті, Астана Халықаралық университеті, т.б.

Конференцияның басты спикерлері болып еліміздің танымал ғалымдары сөз сөйледі. Олардың ішінде ҚР Ғылым Академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев болған. Физ.мат.ғылымының докторы «Қазақ тілі – ғылым тілі» тақырыбында баяндама жасады.

«Жас ғалым» конференциясы маған үлкен әсер қалдырды. «Ақыл жастан» деген сөздің рас екеніне тағы да көзім жетті. Жастардың ғылымға ынтасы, талап жігері маған қуат берді. Конференцияның ұйымдастырылуы мен  ғылымдық деңгейін өте жоғары бағалаймын. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», деп қорытындылады профессор Жұмаділдаев.

Л. Гумилев ат. Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми қызметкері Ұшқын Сайдрахман, жиналған ғылыми қауымды «Қазақ» газеті туралы дерек пен дәйектермен таңыстырды:

«Ең әуелі, шараның «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналғанына қуандық. Себебі еліміздегі жаратылыс бағытында оқытатын ең беделді университеттің бұл тақырыпқа назар аударуы университеттің саясатын айқындап бергендей, руханиятқа немқұрайлы қарамайтынын аңғартқандай. Осы ретте кафедра басшысы Юлай Шамилоғлына алғыс айтамын».

Конференция шеңбірінде «Жас ғалым және ғылыми зерттеу мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мақсаты: Студенттерді ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерімен таныстыру, ғылыми мақала дайындау технологиясы, ғылыми гранттар мен басылымдар туралы ақпарат беру, жастардығ ғылыммен айналысуға қызығушылығын арттыру. Дөңгелек үстел барысында Назарбаев университеті профессорлары Юлай Шамилоғлы, Гүлнар Омарбекова, Аминат Чокабаева, Жазира Ағабекова өз ғылыми тәжірибелерімен бөлісті. Қазіргі ғылымның жай-күйі, проблемалары жайлы қызу талқылау болды.

Профессорлар конференцияның ең үздік ғылыми студенттік баяндамалар таңдады. Олардың ішінде:

  • Қазақ тіл білімі бағыты бойынша: «Жасанды интеллект (CHATGPT) және қазақ тілі», Жұмахметова Гүлдана, Сулейман Демирел университеті магистранты, 1 курс,

  • Қазақ әдебиеттану бағыты бойынша: «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасындағы феминистік көріністерді әлеуметтанулық талдау» Ақерке Шынарбек, Назарбаев университеті, Әлем тілдері, 4 курс

  • Қазақ тарихы мен мәдениеті бағыты бойынша: «Қазақ» газеті және қазіргі қоғам: идеялар тоғысы, Амалов Иманғали, Сәбитбек , Назарбаев университеті, SSH студенттері, 1 курс

  • Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бойынша: «Туризм саласындағы креативті коммуникация», Жүзбай Аида,  Нарикбаев ат. Қазақ Заң университеті, 1 курс, Астана

Үздік баяндамалардың авторларына – арнайы Марапаттау қағазы мен NU имидж сыйлықтары берілді.  Конференция барысында алғаш рет «ғылыми жаңалықтар» деп атауға болатын түрлі тақырыптағы жұмыстар ұсынылды. Олардың ішінде:

  • Назарбаев университеті профессорларының Семей қаласында жүргізіп жатқан ғылыми жобаларына қатынасқан Семейдің Шәкәрім атындағы университет студенттері М.Г. Насыров пен А.М.Дүйсенбеков алғаш рет  19 ғасырдан келе жатқан Семей мешіттерде сақталған цифрленген сирек қолжазбалар қорымен  таныстырды;

  • Назарбаев университетінің Химия мамандығы бойынша 2 курс студенті Әлия Елшібай «Бие сүтінен балмұздақ дайындау» атты бизнес жобасын алғаш рет ғылыми талқылауға ұсынды;

  • әл Фараби ат. Қазақ Ұлттық университеті студенті  Дамир Каримов «Пікірсайыстың когнитивті функционалдылықты арттырудағы рөлі» атты оқу құралының тұсаукесері ұйымдастырылды.

  • Алғаш рет тарихи тұлғалар есімі танымал болды – Қ.Сәтбаев ат. Қазақ Ұлттық техникалық университеттің «Тау-кен ісі» факультетінің 1 курс студенті Смағзам Әсел қоғамда белгісіз болған Алаш қайраткері Ғабдолғазиз Мұсағалиұлының есімі алғаш аталды;

  • Алғаш рет ғылыми еңбектер танымал болды: Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Филология факультетінің 3 курс студенттері Акбар Ғазиза, Омарбекова Айдана  Алаш зиялысы Қошке Кеменгерұлының «Жауропалықтарды оқыту» атты еңбегімен таныстырды.

Конференция нәтижесінде баяндамалардың электронды ғылыми жинағы шығарылады; Үздік баяндамалар «Зиялы» ақпараттық порталында жарияланады. Конференцияға қатынасқан барлық қатысушыларға сертификаттар, үздік баяндамаларға «Марапаттау қағазы» мен сыйлықтары; ғылыми жетекшілері мен әділқазылар алқасы мүшелеріне – алғыс хаттар тапсырылды. Конференция ұымдастырушылар Назарбаев университетіндегі жыл сайын дәстүрлі өтетін «Жас ғалым» конференциясына қатынасқан студенттерден болашақта  қазақ тілінде ғылымның көкжиегінен көрінетін интеллектуалды тұлғалар шығатынына сенімді.