Uncategorized

Назарбаев Университетінің профессоры ат салысқан «Живая память» кітабы «Әлеуметтік маңызды тақырыптағы ең үздік кітап» номинациясын жеңіп алды.

2

«Алтын қалам» әдеби байқауының 2020 жылғы жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Esqiure.kz. Байқаудың номинанттары мен жеңімпаздары «Алтын қалам» ұйымдастырушылары жүргізген зерттеу негізінде анықталды. Байқау аясында «Живая память» ұжымдық монографиясы «Әлеуметтік маңызды тақырыптағы ең үздік кітап» номинациясын жеңіп алды.

«Живая память» ұжымдық монографиясы 1930-1940 жылдардағы Қазақстандағы сталиндік қуғын-сүргін тарихын, сол жылдарды еске алуды және қазіргі қазақстандық қоғамның сол оқиғаларды түсінуін зерттейді. Жинақ «Тарих», «Есте сақтау», «Өнер» атты үш бөлімнен тұрады және сталинизм тарихы: ауылшаруашылықты ұжымдастыру, индустрияландыру, күштеп жер аудару, жаппай қуғын-сүргіндер және мәжбүрлі еңбек лагерлерінің жүйесін құру туралы баяндайды. Шығармада тоталитарлық мемлекеттік зорлық-зомбылық және адам құқықтарының бұзылуы, қайғы-қасірет және сол кезеңдегі ұжымдық жад туралы тақырыптар көтерілген. Авторлар көркем құралдар арқылы ұжымдық тарихи жарақаттануды жеңуге тырысады.

Жинақ Жұлдызбек Абылхожин (тарих ғылымдарының докторы), Михаил Акулов (PhD, Назарбаев Университеті Тарих, философия және дін кафедрасының ассистент-профессоры), Зәуреш Сақтағанова (тарих ғылымдарының докторы), Екатерина Кузнецова (зерттеуші және журналист), Юрий Серебрянский (жазушы), Александра Цай (мәдениеттанушы), Мариника Бабаназарова (өнертанушы, Савицкий мұражайының директоры, 1984-2015 жж.), Гүлдана Сафарова (өнертанушы) және Әсел Қадырханова (суретші және зерттеуші) сынды жазушылардың еңбектерінен тұрады. 

«Живая память» жобасы Сорос-Қазақстан қорының көмегімен іске асырылады және биыл кітаптың қазақ және ағылшын тілдеріне аударылуы жоспарлануда, деп хабарлайды Soros.kz. Монография шектеулі тиражбен шығарылды, ал кітаптың электрондық нұсқасын SFK сайтынан таба аласыз.